«ӘЛЕУМЕТТАНУ ТЕОРИЯСЫ» КІТАБЫ ТУРАЛЫ

0
2317

РЕДАКЦИЯДАН: Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Шетелдік ғылыми айналымда зор беделге ие болған ғалымдардың еңбектерін қазақ тіліне аудару үдерісі қоғамның ерекше қызығушылығын тудырғаны анық. Оқырманға осы бірегей жоба негізінде қазақы ғылыми ортаға түскен «Әлеуметтану теориясы» кітабы туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, әлеуметтану ғылымының докторы Гүлнапис Әбдікерованың рецензиясын ұсынып отырмыз…

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ қоғамына ерекше серпіліс берген маңызды мемлекеттік құжат болып табылады. Осы бағдарлама аясында ұлттық ерекшелікті түсінуге және оның жаһандану жағдайында қалыптасу тенденцияларын, болашағын зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды жобалар қолға алына бастады.

Көптеген қарама-қайшылықты қызу пікірталастардың өзегі болған жаһандану мәселесінің адамзат үшін маңызының бар екендігін де айтқан жөн. Жаһандану трансұлттық экономиканың, жалпыәлемдік саясаттың орын алуымен және мәдениеттің бірегейлендірілуімен байланысты процесс. Ол тілі, діні, ділі, мәдениеті әр түрлі халықтарды жалпы әлемдік құндылықтар арқылы жақындастырады.

Жаһандану – бүкіл дүниежүзілік тәжірибелердің, қарым-қатынастардың, сананың және қоғамдық өмір құрылымдарының жалпыға ортақ таралуы. Шамамен әрбір ұлт пен дүние жүзіндегі миллиардтаған адамдардың өмірі көп жағдайда жаһандану арқылы айтарлықтай жақсы жаққа өзгереді (Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкий). Батыс пен шығыс өркениетінің ең алдыңғы қатарлы құндылықтары мен тәжірибелері негізінде жаңа модельдер жасау мүмкіндігін қалыптастырады.

Мемлекеттік деңгейде қолға алынып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақ халқының алдыңғы қатарлы ұлттық құндылықтарын насихаттау арқылы жаһанданудың жағымсыз салдарларымен күресуге мүмкіндік беретін маңызды шара болып табылады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылып отырған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Мәдени мұра» бағдарламасынан кейінгі маңызды мемлекеттік жоба. ҚР БжҒМ-нің 2018-2020 жылдар аралығындағы іргелі және қолданбалы зерттеулері де «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері бойынша осы бағдарламаның стратегиялық басымдықтарын жүзеге асыру мақсатына бағытталды.

Жаңа гуманитарлық білімді дамыту мақсатында қазақ тіліне үздік әлемдік оқулықтарды аудару ісіне әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушылары де белсене қатысты. Осы жоба аясында кафедра оқытушыларының қатысуымен Америка әлеуметтанушылар қауымдастығының білім беру ісіне зор үлес қосқан Мэриленд университетінің беделді профессоры Джордж Ритцер, МакЭван университетінің доценті және әлеуметтану кафедрасының меңгерушісі Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы» еңбегі ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылды.

Кітаптың бірінші бөлімінде ежелгі дәуірдегі әлеуметтік ой мен сол кезең өкілдерінің көзқарастары, әлеуметтану ғылымының негізін салған ойшылдардың өмірбаяны мен басты идеялары, екінші бөлімінде қазіргі әлеуметтану теориясының негізгі мектептері туралы сөз болады. Құрылымдық функционализм, структурализм, неомарксизм, символикалық интеракционизм, этнометодология, айырбас, желілік, рационалды таңдау, қазіргі феминистік, микро-, макроинтеграциялық және басқа да теориялар әлеуметтану ғылымының көппарадигмалық мазмұнын жан-жақты көрсетеді. Ал қорытынды бөлімде модерннен постмодернге дейінгі және одан кейінгі модерннің заманауи теориялары – нәсілшілдік пен отаршылдық, жаһандану, структурализм, постструктурализм, постмодерндік теориялар, яғни ХХІ ғасыр теорияларының даму үрдістері кеңінен сипатталады (Джордж Рицер, Джеффри Степницкий. Әлеуметтану теориясы. Астана. «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ. 2018. -856 б.).

Оқулық әлеуметтану саласын зерттеуші мамандар мен оқытушыларға, әлеуметтану пәні арнайы оқытылатын жоғары оқу орнының студенттеріне, сондай-ақ осы ғылымға қызығушылық танытқан оқырманға арналған.

Оқулықты аудару барысында жоғары оқу орындарының оқытушыларына қажетті бірқатар тәжірибелерге қол жеткізілді. Бұл тәжірибелер жоғары оқу орындарының студенттеріне оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға қажетті өте пайдалы мәліметтер.

Біріншіден, оқулықтың жазылу стилі әлеуметтану бойынша білімдік бағдарламалардың барлық түрлерінде еркін қолдануға мүмкіндік береді. Күрделі ой-толғаулармен, ғылыми пікірталастармен ерекшеленетін оқулықтың бакалавриат студенттеріне де қолайлы тұстары бар. Шет ел әлеуметтануының тарихынан бакалавриат деңгейінде дәріс алған студенттер бұл оқулықтан өздеріне қажетті пайдалы ақпараттарды биографиялық очерктерден, әрбір бөлімнің соңында қысқаша түрде берілген түйіндемелерден ала алады. Биографиялық очерктер авторларға қатысты ғылыми мәліметтер, ресми ақпараттармен қатар олардың жеке өмірлеріндегі қызықты оқиғалар, әлеуметтік ортамен қарым-қатынасындағы ерекшеліктер, әлеуметтік-психологиялық портреті, жетістіктер мен кемшіліктер туралы толық ақпарат береді.

Екіншіден, кіріспеде әлеуметтану теориясына қатысты мәселелерді түсіндіруге жолбасшы болатын бұл еңбектің түйінді тұжырымдары берілген. Тұжырымдар қысқа да нұсқа түрде қарапайым тілмен көпшілікке ой тастайтын стильде жазылған. Мысалы, олардың кейбіреудерін атап айтатын болсақ, бүгінгі қоғам рационалды жүйелердің сытылып шыға алмайтын темір торына айналып отыр; моральдық ынтымақтастық ежелгі қоғамға қарағанда қазіргі заманда әлдеқайда әлсіз; әлем жалғандық, жасандылық, шынайылықтың көзбояушылығы тән жаңа постмодернистік кезеңге көшті; парадоксті жаһандану әлемдік «беймән-заттар» ұғымының таралуымен байланысты және т.б. Әрбір сөйлем нақты тараудың мазмұнын дәл және анық бейнелейді.

Үшіншіден, әлеуметтану ғылымының даму ерекшеліктері тарихи тұрғыдан баяндалатын бұл оқулықта ғылымының өзекті мәселелерін талдауда классикалық және қазіргі көзқарастар арасындағы сабақтастық байқалады.

Төртіншіден, дереккөздер танымал классиктердің, беделді баспалардың, ғылыми әдебиеттердің, журналдардың өте бай қорына негізделіп, бұл кітаптың жазылуына қыруар еңбектің жұмсалғандығынан хабар береді. Әрине, әйгілі әлеуметтанушылардың қанатты сөздері, даналық афоризмдері мен тезистеріне толы энциклопедиялық сипаттағы шығарма ретінде әлеуметтік-гуманитарлық ғылым саласындағы мамандарға жаңа форматтағы оқулықтардың қалай жазылатындығынан хабардар етеді.

Бесіншіден, әлеуметтік мәселелерді талдауда философиялық, әлеуметтанулық, психологиялық, саяси теориялардың, әдіснамалық тәсілдердің кеңінен қолданылуы жаһандану дәуіріндегі заманауи әлеуметтік-гуманитарлық білімнің даму перспективаларының пәнаралық модельдердің қалыптасуымен тығыз байланысты екендігін көрсетеді.

Алтыншыдан, классиктердің теориялық көзқарастарына қатысты сын-пікірлер топтамасы әрбір бөлімнің соңында беріліп, олардың түрлі ғылыми мектептер, ғалымдар және қоғам тарапынан қаншалықты қызығушылық тудырғанын бейнелейді.

Жетіншіден, ең маңызды аспект – бұл ғылыми мектептер мен олардың теориялық ұстанымдарының қазіргі уақытта қолданылу жағдайларының сипаттамаларының берілуі. Бұл әлеуметтанушыларға қоғамдағы өзгерістердің сипатына, даму перспективаларына орай уақыттық, локалдық, жергілікті факторларды ескере отырып өзекті сұрақтарға жауап іздеудегі кәсіби сапаларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Рухани жаңғыру бағдарламасы негізінеде қазақ тіліне аударылған ғылыми еңбектердің әлеуметтану сала мамандары үшін маңыздылығы – бұл аты әлемге әйгілі ойшылдардың қазіргі жаһандану процесіне және оның салдарларына қатысты терең ойларын білу арқылы өз танымдарын кеңейту және оны ары қарай дамытуға, локалды, жергілікті құндылықты көзқарастармен толықтыруға әрекет жасауы.

XXI ғасырда бүкіл әлемді бір ортақ ғаламға біріктірген жаһандану процесіне Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы» еңбегінде ерекше мән беріліп, бүгінгі қоғамның рационалды жүйелердің сытылып шыға алмайтын темір торына айналып отырғандығын сипаттайды. Бұл батыс қоғамдарына ғана емес, сонымен қатар жаһанданудың және онымен тығыз байланысты урбанизация, индустриализация, модернизация процестерін жүзеге асырып, нарықтық экономиканың жаңа моделдерін қалыптастыруды мақсат етіп отырған Қазақстан секілді жас мемлекеттерге де қатысты мәселе. Сондықтан да қоғамдағы осы рационалдану тенденциясының күшеюіне қатысты әлеуметтік сала мамандарының өзіндік көзқарастарын қалыптастыру, олардың болжау, модельдеу, жобалау, экстраполяция әдісін сауатты түрде қолдана білу сияқты кәсіби сапаларын дамыту маңызды.

Гүлнапис ӘБДІКЕРОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,

әлеуметтану ғылымының докторы

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here