Оқырман, «КітапFEST»-ке келіңіз!

0
1174

Аты шулы «Арбат» ертең алып шаһар Алматының аспанын ерекше күйге бөлейді. Өйткені кітап сүйер оқырман 7 қыркүйекте өтетін «КітапFEST – 2019» фестивалінде түрлі бағыттағы шараларды тамашалап, сүйікті әрі танымал авторлармен жүздеседі.

Кітап – адамның жан дүниесі мен интеллектісі, оның  руханияты. Кез келген тұлғаның қарыштап дамуына, адамзат баласының ұлы игілігі білімге баулитын, соған жету жолында қол ұшын созатын да – кітап. Ақпарат пен техника дәуіріне қарамастан, қазіргі таңда «кітап кемірушілер» өте көп дей аламыз. Оны жоққа шығарудың қажеті жоқ. Оған көзіңізді жеткізгіңіз келсе әрі өзіңізді шын оқырман санасаңыз, онда ертең «КітапFEST – 2019» фестиваліне асығыңыз.

Биыл алтыншы рет ұйымдастырылып отырған ең ауқымды фестивальда жиналған жұрт арзан бағаға кітап сатып алып, тіпті кейбір туындыларға тегін қол жеткізеді. Сонымен қатар, кітап бетінде тарихқа айналып, тасқа басылатын барлық сала туралы кеңінен ақпарат ала алады. «Ардың ісі» саналған әдебиет пен ұлт руханиятының бүгінгі бет алысынан хабардар болады. Оны кітап мәселесіне арналған жәрмеңкеде ең беделді де танымал жазушылар, блогерлер,  журналистер мен актерлер сараптап бермек.

«Бауыржан» қайырымдылық қоры ұйымдастыратын «Kitapfest» іс-шарасының басты мақсаты – кітап оқу мәдениетін дамыту және жазушылар мен оқырмандардың бірыңғай алаңын құру. Онда бағдарлама бойынша мынадай игілікті істер жоспарланған:

– «IBOOKYOU» кітап алмасу. Ескі немесе оқылған кітаптарыңызды жаңа әрі қызықты, сан түрлі жанрдағы кітаптармен тегін алмастыра аласыз.

Жазушылар шатыры. Белгілі отандық жазушылар өз кітаптарының тұсаукесер рәсімдеріне қатысып, жүзбе-жүз оқырманмен кездесіп, сұрақтарына жауап береді.

Блогерлер шатыры. Бұл – танымал қоғам қайраткерлері, журналистер және блогерлермен бетпе-бет танысып, сұхбаттасуға үлкен мүмкіндік. Олар кітапқа байланысты бірнеше ауқымды тақырыптарды қозғайтын болады.

– Кітап жәрмеңкесі. Кітап дүкендері, баспалар мен интернет-дүкендердің рухани өнімдерінің көрмесі. Өзіңізге ұнаған кітаптарды делдалсыз сатып алуға жағдай жасалмақ.

– «KHAN COMICS» шатыры. Бұл комикстер жәрмеңкесінен «КЗ-КОМИКС» жинағының «Коммиксті физика», «Еркетай», «Жетісу» серияларының таныстырылымын тамашалай аласыз.

Айтқандай, фестиваль барысында кіп-кішкентай оқырмандарға арналып арнайы ойын-сауық бағдарламасы жүзеге асады. Бағдарлама бойынша тегін сурет салу, аниматорлармен ойындар және квест, қағаздардан қызықты пішін жасау үшін шеберлік сабақтары, қағаздар дискотекасы болып, акваәрлеу мен әр балаға түрлі пішінді шарлар мен  сыйлықтар тарту етіледі.

Жыл сайын жеті мыңға жуық оқырман жинайтын бұл «Kitapfest» өзге фестивальдардан өзгерек болмақ. Қазақстан кітап мәдениетін дамытуға үлес қосамын десеңіз, 7-қыркүйекте байлықтың не түрі самсайтын, алтынмен апталып, күміспен күптелетін «Арбатқа» келіңіз!

© Мәдина СЕРІК,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, журналистика факультеті, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік
өнер кафедрасының 2-курс студенті

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here