МАХАББАТ ДӘНЕКЕРІ

0
872

Сөреде жатырмын. Әдеттегідей айналамда туысқан бауырлар, дос-жарандар. Арасында бірен-сараны ғана адамның сұрауымен кетіп, қайта келіп жатыр. «Не көрдің, қандай екен?» деген сауалдарға жарытып жауап бермейді. Көбіне студенттердің қолына тиеміз. Бәлкім, сондықтан болар.

Кей үлкен кісілер өзімен саябаққа ертіп шығып, қоғамдық көлікте көрсетіп оқиды. Тіпті, жұмыскерлер жұмыс барысында, үстел үстінде, көлікте отырғанда пайдаланады. Ал студент сол баяғы сөмкесіне тығып қояды не сөресіне тастай салады да, босқа жүреді. Алғаннан не пайда? Түсінбейсің…

Бір күні жайбарақат сөреде жатсам, алыстан менің есімім аталды. Маған қарай тықылдаған туфли дыбысымен бастық келе жатты. Көзілдірік таққан, шашын түйе салған, жанары солып, уһілеп-шаршап, сөрелерді көзімен сүзіп жүр. Барлық кітаптар маған көз алартып қарайды. Көре алмағаннан шығар. Бірақ, несін көре алмайды? Жай ғана біреу іздеп келген екен, қажетім де бар шығар. Сосын мені көріп, «таптым-ау» деген ишара білдірді де жатқан жерімнен жұлып алды. Кітаптардың мені көзбен атқан оқтарын өткізіп тастап, кеудемді мақтаныш сезімі кернеп, өзімді тіктеп ұстап келе жатырмын. Алдымнан Жандос деген студент күтіп алды. Бетіме бір қарап, жаздырып алып шықты да, сөмкесінің түбіне тастай салды…

…Қараңғы қапастан босап, әйтеуір құрсаудан шықтым. Дала қараңғы, жатақхана ішіндемін. Сағат тілі шамамен түнгі 23-тен асқан. Бөлме ішінде де кітап сөресі бар екен. Онда айналдырған екі-үш кітап бар, қалғаны дәптер, қалам, СӨЖ, ақ парақтар. Мені де сонда қоятын шығар деп ойлағанмын. Жоқ, менің қасыма дәптерін қосты да оқу залына қарай ала жөнелді.

Жандос тұратын қабаттағы оқу залында сабақ оқып отырғандар көп екен. Аз болса да Жандос отырмас еді. Себебі ол, сабақты сылтауратып бір қызбен жолықпақ ниетте. Жоғары жетінші қабатқа көтерілді де, 704-бөлменің есігін қақты. Жандос күткен қыз келіп есік ашты. Есімі Ақерке екен. Амандық саулықтан соң, Жандос қызды бірге отырып сабақ оқуға шақырды. Кітабы жоқ Ақерке де оңай келісті. Бәлкім ол да сезген болар…

Әдейі жоспарланғандай бұл қабаттағы оқу залы бос. Жандос Ақеркеге жапсарласып отыр. Екі ортада бетім парақталып, мен жатырмын. Жігіт ұрланып қызға қарай береді. Ақерке жанарын төмен салып, жазу жазғансып қысылып отыр. Ортадағы маған екеуі де екі жақтан қолдарын қойып алған. Біріне-бірі жеткісі келсе де жете алмай отырғандай. Парақтарымнан өздеріне керегін жазып отыр. Бір уақытта келесі бетімді ашам деп парағымды жыртып алды. Жанымды пышақпен тіліп жібергендей күй кештім. Бір-біріне қарап ыңғайсызданып қалды.

Менен ұялса қайтеді, менің бетімді жыртқан жоқ па?! Жыртуын жыртып алып, жазылып кетердей сипап қояды өздері. Сол сәтте Жандос Ақеркенің қолынан ұстай алды. Екеуінде де үн жоқ. Жандос та жасқана қарады, Ақеркеде де қарсылық жоқ. Жанарын төмен салып ұялшақтайды. Екі ортада мені жыртып, табысып отыр. Ары қарай білмей-ақ қойғандарыңыз дұрыс…

Одан кейін мен екеуін де көрген жоқпын. Бәлкім одан әрі керегім де болмаған шығар. Әйтеуір біраз күн сөмке мен сөреде жатып, өз шаңырағыма оралдым. Басқа кітаптар да мені «Не көрдің, қандай екен?» деп сұрақтың астына алды. Ал мен болсам, барлығын мақтанышпен айтып бердім. Бұл кітаптар арасында ұмытылмас аңыз болды…

Жастардың табысуына түрткі болдым. Дегенмен, мұндай оқиға сирек. Бәлкім, бірнеше жылда бір-ақ мәрте қайталанар. Соңы сөзсіз баянды махаббат пен өмірлік жұпқа айналады. Кітап басыммен әлеуметтік желіден әлдеқайда сапалы махаббат тудыра алатыныма мақтанамын.

 

© Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студенті

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here