ҚАЗАҚСТАН БАСПА ІСІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫ БАСТАЛДЫ

0
1739

14-ақпан – әлем бойынша аталып өтетін Халықаралық кітап сыйлау күні. Осы арнаулы датаға байланысты Алматыда «Шығыс әдебиеті және өнері» баспа компаниясының «Шанс» кітап дүкенінің төрінен «Қазақстан» баспа үйінің кітап сату бұрышы ашылды. Оның да тарихи астары бар. Себебі, Қазақстан баспа ісінің дамуына тікелей қатысты «Қазақстан» баспасына биыл – 100 жыл. Баспа ұжымы ел руханияты үшін аса маңызды мерейтойдың тұсауын осылай кесті.

Биыл қазақ руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бұрынғы «Қазмембас» (Киргосиздат), қазіргі «Қазақстан» баспасы іргетасының қаланғанына бір ғасыр болады. Оған 1920 жылы 3 қарашада Қазақ АКСР-і Орталық атқару комитетінің «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті нақты дәлел. Осының нәтижесінде қазақ жерінде баспа ісі жаңаша дүмпу алып, елдің ақпаратпен қамтамасыз етілуі серпінді түрде өсті. Бүгінгі «Қазақстан» баспасының «атасы» сол кезде елді ақпараттандыру саласында тікелей жұмыс істеп, газет шығару мәселелерімен де айналысқанын айта кету керек.

«Қазмембас» кейін «Қазақстан» баспасы болып өзгерсе, осы баспаның құрамынан бүгінгі кітап шығару ісіндегі орындары ерек «Жазушы», «Жалын», «Балауса», «Мектеп», «Өнер», «Қайнар» т.б. көптеген баспалар дүниеге келген. Ол мекемелер бүгінгі таңда Қазақстан баспа ісінің заманауи бағытта ілгерілеуіне күш салып келеді. Сондықтан, «Қазақстан» баспасының мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтуге тұрарлық тарихи дата.

3 қарашада болатын 100 жылдық мерейтойды «қазақстандықтар» қазірден-ақ бастап жіберді. Халықаралық кітап сыйлау күнінде Алматының төрінен «Қазақстан» баспасының кітап сату бұрышын ашып, кітап оқимын деген оқырманға үлкен сый жасады деуге болады. Онда бұған дейін елдің қолы жетпей жүрген ғаламат кітаптарды да алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, сатылымға қойылған кітаптар қатарында көркем әдебиет, тарихи кітаптар, ғылыми монографиялар, балалар әдебиеті, мәдени жәдігерлер, айтулы тұлғалар туралы мемуарлар да оқырманның көз қуанышына айналды.

«Қазақстан» баспа үйінің бас редакторы Ботагөз Жөкенқызы «Баспамыздан ел сүйіп оқыған көптеген кітаптардың жарық көргенін халық біледі. Қазірде оқырман оларды тек кітапханалардан ғана табатыны жасырын емес. Ұлы ұлт тұлғаларының өмірі туралы жазылған «Ғибратты ғұмыр» сериясын кезінде ел іздеп жүріп оқыды. Осы секілді басылымдар бізде жеткілікті. Енді осындай тың дүниелерді жұрт «Шанс» кітап дүкенінің ішінен таба алады. «Қазақстан» баспасының өнімдеріне орын берген «Шанс» кітап дүкенінің басшылығына алғыс білдіремін» дейді.

«Қазақстан» баспа үйінің өкілдері бұл 100 жылдық мерейтойдың басы екенін айтады. Алдағы уақытта ірі-ірі іс-шараларды ұйымдастырып, бір ғасырлық тарихи датаны үлкен деңгейде атап өтуге күш салмақ.

Ашылу салтанатына жиналған қонақтар бүгінгі баспа ісі саласындағы күрделі мәселелерге тоқталып, оның жай-күйін талқылады. Кітап оқудың мәдениетін арттыру мақсатында «Қазақстан» баспасынан шыққан кітаптарды оқу челенджін қолға алды. Сонымен қатар, халықаралық кітап сыйлау күніне байланысты бір-біріне кітап тарту етіп, арқа-жарқа болып қалды. Ал тұсаукесер рәсімін ұйымдастыруға жағдай жасаған «Шанс» кітап дүкенінің басшылығы шығармашылық топ өкілдеріне өз кітаптарын сыйлап, ризашылықтарын алды.

© Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының 2-курс студенті

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here