ПРЕЗИДЕНТ ҚАНДАЙ КІТАП ОҚУДЫ ҰСЫНДЫ?

0
1039

Коронавирус пандемиясы әлем өркениетіне еш заманға ұқсамайтын өзгеріс әкеледі деген қауесет қоғамды буып тұр. Үрей құшағындағы адамзат «үйқамақта» ес болатын керемет іздеп әлек.

Дәл қазіргі төрт қабырғаға қамалған карантин уақытында әлеуметтік желіні пайдаланушылар іш пыстырмаудың түрлі жолдарын ұсынып жүр. Тақырлап шаш алудан бастап, ән айту, дене шынықтырудың түрлі тәсілдерін эстафета еткен челлендждер соның айғағы. Арасында танымалы БАҚ қатысқан «Біз біргеміз!», «Үйдеміз!» акциялары. Жақында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Қандай кітап оқып жатырсыз?» атты ұйымдастырған челленджіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қолдау білдірді. Өзінің инста-парақшасында бұл туралы былай дейді:

– «Қазіргідей елең-алаң уақытта баршаңыздың күнделікті тіршіліктеріңіз өзгеріске ұшырағаны белгілі. Пандемиядан қорғанудың бірден-бір жолы – әлеуметтік оқшаулану, яғни үйде болу екенін жаһан жұртшылығы мойындап отыр. Әрине, бұл – уақытша құбылыс, өтпелі кезең. Дегенмен, осы уақытты барынша тиімді пайдалану – әрбір адамның өз қолында.

Сондықтан, осы карантин күндері ақын-жазушылар, журналистер, мәдениет қайраткерлері және қатардағы азаматтарымыз әлеуметтік желіде «Қандай кітап оқып жатырсыз?» челлендж-эстафетасын ұйымдастырған екен. Бұл бастаманы толық қолдаймын және осындай игі істі қолға алған отандастарыма шынайы ризашылығымды білдіремін».

Кезінде оқушы қыздың эстафетасына атсалысып ел ризашылығына бөленген Мемлекет басшысы «Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі десем артық емес. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу үшін алтын уақытымызды осындай пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің менің атыма жолдаған эстафетасын қабылдаймын және осы күндері оқып жатқан кітаптар мен газет-журналдардың тізімін ұсынамын» деп өзінің оқып жатқан рухани дүниелерінің тізімін жариялайды. Олар:

  1. Жүсіп Баласағұн. Құтты білік.
  2. Абай Құнанбаев. Хикмет кітәбі. Книга мудрости. Book of wisdom.
  3. Winston Churchill. The Second World War. Volume III. The Grand Alliance.
  4. Тұрсын Жұртбай. Құнанбай.
  5. Ерлан Сыдыков. Кунанбай.
  6. Адам Туз. Крах. Как десятилетие финансовых кризисов изменило мир.
  7. Алек Росс. Индустрии будущего. The Industries of the future.
  8. Кевин Келли. Неизбежно. 12 технологических трендов, которые определяют наше будущее.
  9. Parag Khanna. The Future is Asian.
  10. «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Turkistan» және т.б. газеттер, «Жұлдыз» журналы.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, бұл эстафетаны барша отандастарыма, әсіресе, жастарға жолдаймын және төмендегі әдебиеттерді оқуға кеңес беремін» деген Президент одан әрі челлендждің көрігін қыздырып, 30 кітаптың атын атап, түсін түстеп береді.

Сонымен Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған 30 кітапқа назар аударайық.

Қазақ әдебиеті:

  1. Абай Құнанбайұлының өлеңдері, қара сөздері;
  2. Әбу Насыр Әл-Фарабидің философиялық тарактаттары;
  3. Мұхтар Әуезов «Абай жолы»;
  4. Әбіш Кекілбаев. «Үркер» және т.б шығармалары;
  5. Ілияс Есенберлиннің шығармалары;
  6. Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» шығармасы;
  7. Әбді-Жәміл Нұрпейісовтың шығармалары;
  8. Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз», «Тағдыр»;
  9. Мұхтар Мағауин «Аласапыран»;
  10. Дулат Исабеков «Қарғын»;
  11. Ілияс Жансүгіров өлеңдері; 
  12. Әкім Тарази шығармалары;
  13. Роза Мұқанованың пьесалары; 
  14. Смағұл Елубай. «Ақбоз үй» және тағы басқа шығармалары; 
  15. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері.

Әлемдік әдебиет:

  1. Федор Достоевскийдің шығармалары;
  2. Лев Толстойдың шығармалары;
  3. Антон Чеховтың әңгімелері, повестері, пьесалары; 

19.Иван Буниннің шығармалары;

  1. Эрих Мария Ремарктың «На западном фронте без перемен», «Осень патриарха» туындылары.

Публицистика, ғылыми-танымдық әдебиет:

  1. Никколо Макиавелли. «Государь»:
  2. Алексис де Токвиль. «Демократия в Америке»; 
  3. Жан Монне.»Реальность и политика»;
  4. Ли Куан Ю «Из третьего мира — в первый.История Сингапура (1965-2000)»;
  5. Наом Хомский. «Создавая будущее»; 
  6. Мэтью Барроуз «Будущее:Рессекречено. Каким будет мир в 2030 году».

Сонымен қатар, Елбасымыз Н.Н. Назарбаевтың тікелей бастамасымен жүзеге асырыла бастаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аударылған шығармалар:

  1. Энтони Кенни. «Батыс философиясының жаңа тарихы»;
  2. Клаус Шваб.»Төртінші индустриялық революция»;
  3. Джон Гэмбл, Маргарет Питереф, Артур Томпсон. «Стратегиялық менеджмент негіздері: бәсекелік артықшылыққа ұмтылу»;
  4. Росс Данн, Лора Митчелл. «Panorama: Дүние жүзі тарихы».

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірген «Қандай кітап оқып жатырсыз?» эстафета-челенджіне қазірде кітапсүйер қауым, оның ішінде жастар көптеп қосылып жатыр. Қуанарлық жайт, карантин жағдайында оқып жатқан кітаптарын экран алдына ұстаған оқырман көбейді. Демек, аталған бастаманың «кітап кемірушілер» мен «кітап өлтірушілерге» бір серпіліс бергені анық.

© Дәрмен СМАЙЫЛ,

журналист, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың докторанты

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here