ШЫМКЕНТТЕ КІТАП ТОЙЫ ӨТІП ЖАТЫР

0
457

Жыл сайын желісі үзілмей келе жатқан «КITAPFEST» фестивалі – кітап саласының «сабан тойы» деуге болады. Өйткені, бұл көзі қарақты оқырманға білім қазынасын жарнамалап, кітап авторларымен кездесу ұйымдастырып, балаларды кітап оқуға баулитын бірден-бір шара. Биыл дәстүрлі түрде өткізілетін фестиваль 30 қараша күні өз жұмысын ІХ мәрте Шымкент қаласында бастады.

Аты жаман індет таралған қысталаң кезеңде де кітап оқудың маңыздылығы артпаса, кеміген емес. Өйткені, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та төтенше жағдай жарияланған сәуір айында кітап оқу эстафетасын жолдап, қоғамда біраз қызығушылықты тудырғаны белгілі. Мұның барлығы кітап оқу мәдениетін ілгерілету үшін екені сөзсіз. Осындай кітап мәдениетін қалыптастырудағы игі бастама – «КITAPFEST» фестивалі Шымкент қаласында ұйымдастырылып, оның аясында көптеген жобалар жүзеге аспақ.

«Онлайн-дәуірдегі» «кітап кеміргіш» оқырманның фестивалдегі көрмеден құр қалмауға ұмтылары даусыз. Себебі, әлеуметтік желіден «қандай кітап оқуға кеңес бересіздер?» деп жүргендер мұндай мүмкіндіктен айрылып қалмауға тырысады. Ал келімді-кетімді жұрттың қауіпсіздігі үшін кітап фестивалі барлық санитарлық талаптарға сәйкес өтіп жатқанын айта кету керек.

Адамзаттың асыл қазынасын кеншілердей маңдай терімен шығаратын кітап баспалары мен оны көпшілікке таратып, көптің қолына ұстатын кітап дүкендері және кітапханалар да халыққа жан-жақты қызмет көрсетпек. Оңтүстік оқырманды қуантарлық ауқымды шараға республикаға белгілі баспалар мен кітап дүкендері және Шымқаланың кітапханалары қатысып жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы «Фолиант» баспасы мен Алматыдан жеткен «Қазақ университеті», «Книжный клуб» баспалары және қарағандылық «Қасым кітапханасы» баспа үйі көз қуанышымызға айналды. Кітап көшінің құрамында тек қана қазақша кітаптар сататын «Qazyna» кітап үйі мен «Эрудит» кітап дүкені де бар. Сонымен қатар, Шымкент қаласынан «Қызмет», «Жебе», «М.Әуезов университеті» баспалары да көркем кітап көрмесінің көрігін қыздарды. Жоғарыдағылардың ізін ала Шымкенттегі қалалық кітапханалар да бұл іске өз үлестерін қосуда.

Өзге «КITAPFEST»-тен бұл шараның ерекшелігі – «Балаларға базарлық» атты алтын сандығы. Мұнда кез келген қайырымды жан балаларға арналған кітаптарды сатып алып, алтын сандыққа салуына болады. Арнайы еріктілер сандықтағы кітаптарды жетім балаларға, көмекке мұқтаж отбасыларға таратады. Азық-түлікпен қоса балаларға өлмейтін білім сыйлау да – игі қайырымдылықтың бір түрі десек болады.

Салтанатты түрде өткен ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «кітап оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек» дегенді айтты. Ол АҚШ-та білім алған кездегі өзі куә болған американдықтардың кітап оқу мәдениетіне тоқталып, ата-аналардың күн сайын 30 минут кітап оқуға уақыт жұмсайтынын жеткізді.

Аталған кітап фестивалі өтіп жатқан жер – Шымкент қаласының Н.Назарбаев көшесінде орналасқан «Көрме орталығы». «Отыз күн ойын, қырық күн тойын» дегендей, 30 қарашадан басталған кітап тойы 5 желтоқсанға дейін жалғасады.

©Әзімбек ҚОЙЛЫБАЙ

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here