Қысқа да нұсқа жазатын жазушы

0
415

      Бауыржан Ғұбайдуллин – дүйім халық, мұқым елге талабы танымды, қаламы қарымды қаламгер ретінде мәлім. Ол – аз да  саз, қысқа да нұсқа жазатын жазушы. Қай жанрда, қай тақырыпта жазса да талғамы зор оқырманның  айызын қандырып жаза біледі. Суреткерлік қабілет-қасиеті де ерекше. Ойы – құнарлы, тілі – шұрайлы, оқиғасы – шынайы, кейіпкері – нанымды. Ең бастысы – әрбір шығармасы жасандылықтан ада. Алтын уақытыңызды бөліп, оқығаныңыз үшін өкінбейсіз. Оқырман үшін ең қажеттісі де – осы емес пе?!

          «Айқын» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде қазақтың аса көрнекті ақыны һәм халық жазушысы Қадыр Мырза Әлимен еркін тақырыпта емен-жарқын екі рет сұхбаттастым. Қадекең көсіле сөйледі, мен айрандай ұйып отырып тыңдадым. Әңгіменің әлқиссасын қазақ әдебиетінен бастап, әлем әдебиетімен аяқтады. Ұлы ақындар туралы да, ұлт ақындары туралы да айтты. Ол екі сұхбат та «Айқын» газетінде жарық көрді. Оқырмандар зор ықылас танытты. Кейін «Ағынан жарылсақ» атты жинағыма енді. Сол кезде әңгіме арасында Қадыр ағамыз  Бауыржанның «Шортан» атты шығармасын оқығанын айта келіп, ол туындыны «Классика!» деп бағалады. Бұл сөзімізге Бауыржан Ғұбайдуллиннің  күні кеше тасқа басылған «Биленбеген вальс» атты кітабының алғашқы бетінде жарияланған Қадыр Мырза Әлидің мына пікірі дәлел бола алады:

          «Бауыржанның «Кие», «Шортан», «Ортақ ерлік» және «Бір түнгі жалғыздық» атты әңгімелерін оқып шықтым. Классика! Оның «Бір түнгі жалғыздығы»: «Жарық дүние жаратылғалы бері тағы бір таң атып, тағы бір күн батты» деп басталады. Осы басталуының өзі – классика, мүйізі қарағайдай классиктердің өздері бұлай бастай алмайды».

          Міне, бұл – қазақ әдебиетінің  төрінен ойып тұрып орын алатын  қабырғалы қаламгердің парасатты пайымы! Қадекең ортаңқол шығармаға көңіл жықпастықпен жоғары баға бере салатын жазушылардың санатынан емес.  Ол – қара қылды қақ жара пікір айтатын алдаспан ақын! Олай болса,  Бауыржанның шығармаларын осы өлшеммен бағамдай беріңіз!

–  Бауыржан Ғұбайдуллиннің бірнеше әңгімесін оқыдым. Бәрі де ұнады. Ал ерекше ұнағандары – «Кие» мен «Биленбеген вальс». «Киеде» аспирантура бітіріп, карьера қуып, қызмет бабымен өсуді көксеген келіншек бойына біткен алғашқы нәрестесін аборт жасатып, алдырып тастайды. Сөйтіп, ол өмір бойы өзегін өртер өкінішке ұрынып, жарық дүниеге сәби әкелу, ана атану қабілетінен біржола айырылып, ақыр аяғында жүйке дертіне шалдығып, жындыханадан бір-ақ шығады. Мен осы әңгімені оқи бастағанда автор таптаурын трафаретке түсіп кете ме деп, іштей қауіптеніп едім, оным бекер болып шықты, тап-тұйнақтай ғып алып шыққан. Ал енді «Биленбеген вальске» өзек болған махаббат тақырыбы, жауынгер жігіттің басынан өткерген ғашықтық сезімнің сүйініші мен күйініші шынайы өрілген.

          Бауыржанның ойы – құнарлы, тілі – нәрлі. Өзі шығармаларын жазатын тілді кемел меңгеру – қаламгерге ең керек қасиеттің бірі, – дейді Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабек аталған кітаптың алғашқы бетінде.

          Қазақ әдебиетінің қос бірдей бәйтерегі Баукеңнің шығармаларын өте жоғары бағалап тұр. Бұл – үлкен жетістік һәм үлкен мәртебе! Алдағы уақытта да Бауыржан Ғұбайдуллин қазақ әдебиетінің қоржынын сүбелі шығармаларымен толтыра береді деп сенеміз.

          Сөз  соңында  Бауыржан  Ғұбайдуллин – «Күнбала», «Жиһанкез Ақкербез», «Жаныма жақын жағалау» атты кітаптардың авторы екенін айта кеткеніміз абзал.

© Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here