БІЗ ЖАЙЛЫ КІТАП…

0
70

Өткенде Айнұр қарындасым пышақтың қырындай, қойындәптер іспетті дүниесін сыйлап еді. Ау, мынауың кітап па?! – дедім, кіп-кішкентай бірдеңе… Аты да “Бірдеңе”. Ашып оқысам салмағы алтындай, сом екен. Бәріміз, біздің бүгінгі көңіл күйіміз жайлы.
Бір тамшы барады әйнектен тайғанап,
Тайғанақ тірлікті аймалап.
Әйнекке тамады тағы да бір қонақ,
Бір қонақ барады сырғанап…( Бір тамшы)
Қазақы ұғым: адам – қонақ. Бірақ қазір терезедегі тамшылар тым тез сырғанап жатқандай. Адам – ғайып. Бүгін бар пенде туралы ертеңіне қаралы хабар естиміз. Жылдан асты, мойында, мойындама өзекке үрей түсті. Жүйкені кеміріп, аласұртып барады. Ішкі діріл ашу болып бетке тепті, шарт етпе болдық. Аямаймыз.
Қолымда қаламым,
Көшесін көп кездім қаланың!
Байқадым…
Бәрі де таланған,
Бәрі де талаған.
Бәрінің балтыры жаралы,
Бәрінің жыртылған балағы. (Балтырдың тағдыры)
Бүгінде бетін тырнап, балағын қанатқан адамның ертең моласында жылағаннан не пайда? Айнұрдың махаббат лирикасы бір төбе, адами ұсатанымы, философиясы бір төбе екен. Жаны ауырған адамның шырылы.
Ештеңенің байыбын сұрамадық,
Жердің бетін аяусыз кінәладық!
Жазықты іздеп жатпай-ақ неге ғана,
Тұрып кете бермейміз құлап алып? (Жалқы шумақ)
Осы жалқы шумақтағы ойды кей адам он ауыз сөзбен жеткізе алмайды. Жазықты іздеумен көп уақыт сарп болады.
Тереземнің жамалынан,
Жаңбыр жасын сырғанатты,
Біз несіне өкпелейміз?
Көз алдымда Ұлы уақыт,
Жапырақ боп қурап жатты,
Қалтырап кеп құлап жатты.
Рас қой, дәл қазір Ұлы уақыттың тілі тым тез айналып жатыр, қалтырап қай мезетте құларын ешкім білмейді. Жалпы “Бірдеңені” оқып отырғанда тұла-бойың шымырлап, бірдеңе боп кетеді екен…

© Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here