«Арыс» баспасы

0
2435

«Арыс» баспасы – Алматы қаласында 2001 жылдың 10 желтоқсанында қалалық Әділет басқармасына ЖШС ретінде ресми тіркеліп, тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Құрылтайшысы әрі директоры – Әнес Ғарифолла Қабдолқайырұлы.

1992 жылы Алматыда репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры құрылған болатын. Қор 1994 жылдан бастап өз жанынан кітаптар шығара бастады. Бірнеше рет әлеуметтік маңызды әдебиеттерді шығаруға тапсырыс алды. 300-ден астам кітап шығарып, өз бағытын айқындағаннан кейін ЖШС болып тіркелді.

Негізгі бағыттары: Алаш қайраткерлерінің еңбектері мен олар туралы кітаптар; түрлі энциклопедиялық басылымдар мен анықтамалықтар; тіл саясатына қолдау көрсету, тілші-лингвистердің еңбектерін жарыққа шығару.

«XX ғасыр тұлғалары-Личности XX века» сериясы бойынша көптеген Алаш зиялылары, оның ішінде Р. Мәрсеков, К. Төгісов, Б. Айбасов т.б сынды есімі елге белгісіз «ақтаңдақтар» ортамызға оралды. Осы сериясы аясында жарық көрген бұрынғы Мәдениет министрлері – Т. Жүргенов, І. Омаров және Ө. Жәнібеков туралы кітаптар кезінде жоғары бағаланды.

«Арыс» қорының «Жаңа энциклопедия-Новая энциклопедия» сериясы бойынша «Батыс Қазақстан облысы», «Жетісу», «Северо-Казахстанская область», «Отырар» аймақтық энциклопедиялары, «Народы Казахстана», «Спортивный Казахстан» энциклопедиялық анықтамалықтары, «Генералы Казахстана», «Наркомы Казахстана», «Қазақ батырлары» биографиялық анықтамалықтары жарық көрді. «Қазына» сериясы бойынша «Қырымның қырық батыры», 50 томдық «Атырау ақын-жазушылары» кітапханасы, араб қарпімен ондаған ескерткіш кітаптар дүниеге келді. 20 томдық «Махамбет әлемі-мир Махамбета» кітаптар топтамасы да осы серияның ауыр жүгін арқалап тұр.

«Сыр сүлейлері» сериясы да өз жалғасын тауып отыр. «Тұлға-Личность» сериясының алғашқы 10 кітабы жарық көрді, болашақта ол өзінше атақты ЖЗЛ кітаптары секілді елдің көз қуанышына айналады ма деген үмітіміз бар.

«XX ғасыр тілшілері-Лингвисты XX века» және «Тіл-құрал» сериялары қазақ тіл білімі ғылымының тұтас антологиясын жасауды өз алдына мақсат етіп отыр. Онда өткен ғасырлардағы орыс зерттеушілерінің қаламынан туған грамматика, сөздіктерден бастап, алғашқы қазақ авторлары, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанұлы асыл мұралары бүгінгі жас буын зерттеушілерінің ғылыми еңбектерге дейін қамтылмақ. Ал «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында он бес томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» алғашқы томдары, орфографиялық, орфоэпиялық, этимологиялық және т.б сөздіктер жарық көре бастады. Сондай-ақ «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» деген 2 томы да мәдени өміріміздегі үлкен жаңалық болмақ.

«Арыс» баспасында әр кездерде М. Ізімов, М. Тәжі-Мұрат, Ә. Ақпамбетов, З. Әйтімов,  А. Кеңшілікұлы,  Г. Тайжанова, Л. Капашев, Ғ. Молдамұратов, Н. Мауытов, Қ. Құныпияұлы, К. Ахметов, Е. Тілеген, С. Қалуов және т.б редакторлар қызмет етті. «Арыс» баспасының аяғынан тұруына әсіресе белгілі баспагер, марқұм Жолдасбек Адаев көп күш жұмсады.

«Арыс» баспасының кітаптарында негізінен Л.И. Тетенко, Н. Нұрмағанбетов, Т. Мұқатов сынды белгілі полиграфист-суретшілердің қолтаңбасы қалды.

Пікір жазу

Please enter your comment!
Please enter your name here